Наши посты

Көкпар ойыны - Банкетный ресторан "Толеп"

Қазақ халқы ерте заманнан бері салт-дәстүрлерді дәріптей отырып, оларды ауыздан-ауызға таратып, келер ұрпаққа жеткізген. Халқымыздың асыл мұрасына айналған ұлттық ойындарымыз салт-дәтүрлердің маңызды бөлігі. Сондай ойындардың бірі — көкпар ойыны.

Көкпар — ұлттық ат спорт ойындарының бірі. Ойын атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүр бойынша, қазақ халқы көкпарға бір жасқа толған серкенің семізін таңдайды. Оның себебі, семіз серкенің терісі өте берік әрі жыртылмайды. Серкенің орта салмағы 70 – 80 келі шамасында болады. Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады.

Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 м, ені 100 м, 10 адам болса – 500х200 м, 15 адамнан болса – 700х300 м, 20 адамнан болса – 1000х500 м болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 м-лік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 м-лік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8 – 15 мин аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.